Елдегі ішкі нарықта ет тапшылығы жоқ, бағаның өсуіне басқа жағдайлар да әсер етіп отыр. Бұл туралы Kazinform агенттігі жолдаған сауалға Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми жауабында айтылған.
— Ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының қалыптасуына бірнеше фактор әсер етеді. Оларға өнімнің өзіндік құнына тікелей ықпал ететін тауарлар мен қызметтердің бағасының өзгеруі, маусымдық, азық-түлік өнімдерін тасымалдау мен сақтау шығындарының артуы, делдалдардың көп болуы, сауда нүктелеріндегі жоғары үстеме баға, сондай-ақ әлемдік нарықтарда ұқсас өнімдер бағасының өсуі жатады. Қазіргі ет бағасының өсуі ішкі нарықтағы тапшылыққа байланысты емес, өйткені халықтың сұранысын өтеуге жеткілікті қор бар. 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша елдегі ірі қара мал саны 8,9 млн болды, бұл - өткен жылмен салыстырғанда 22,8%-ға көп (2024 жылғы 1 сәуірде – 7,2 млн). Бұдан бөлек, сиыр еті өндірісі ішкі нарықтың қажеттілігін 102% қамтамасыз етіп отыр, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ ведомство елде ет өндірісі көлемі жылдан-жылға артып келе жатқанын айтады.
— 2024 жылдың қорытындысы бойынша республикада сиыр еті өндірісі 430 мың тонна болып, 2023 жылмен салыстырғанда (399,3 мың тонна) 7,5%-ға артты. 2025 жылы бұл динамика сақталып отыр: қаңтар-наурыз айларында 82,2 мың тонна сиыр еті саттыққа шығарылды (қаңтар – 24,7 мың тонна, ақпан – 24,8 мың тонна, наурыз – 32,7 мың тонна), - делінген хабарламада.