
Арақ-шарап, шылым, энергетик секілділер денсаулыққа өте зиян. Әсіресе есірткі деген тек денсаулыққа емес, адам тағдырына да орасан зиян. Есірткі – бір адамның ғана емес, тұтас ұлттың болашағына қауіп төндіретін ең күрделі әлеуметтік дерттердің бірі. Ол жастардың өмірін жалмап, отбасыларды ойрандап, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке зор қатер келтіреді. Сондықтан есірткімен күрес бүгінгі таңда құқық қорғау органдарының ғана емес, мемлекет пен қоғамның ортақ міндетіне айналып отыр. Президент айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты осы бағыттағы жұмыстың басты темірқазығына айналып, құқық үстемдігін қамтамасыз ету мен азаматтардың қауіпсіз өмір сүруіне берік негіз қалауда.
Шымкент қаласында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Қала полициясы есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қоюмен қатар, оның алдын алу, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және интернет кеңістігіндегі есірткі жарнамасына қарсы күресті қатар алып келеді. Бұл жөнінде Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Бейсенбаев бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында жан-жақты баяндады.
– Биылғы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша қала аумағында есірткіге байланысты 296 қылмыс анықталды. Оның ішінде 53 дерек – есірткі сату, 12 дерек – аса ірі мөлшерде сақтау, 19 жағдай – есірткі өсімдігін заңсыз егіп-өсіру, 3 дерек – есірткі заттарын жарнамалау фактілері. Сонымен қатар бір синтетикалық есірткі зертханасының жұмысын толық тоқтатылып, заңсыз өндіріс арнасын жойылды. Жыл басынан бері жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде заңсыз айналымнан 400 килограмм түрлі есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде 15 килограмнан астамы – соңғы жылдары кең таралып келе жатқан синтетикалық есірткілер. Мамандардың айтуынша, дәл осы синтетикалық заттар адам ағзасына аса қауіпті әрі жастар арасында тез таралатын есірткі түріне жатады, - дейді Арман Бейсенбаев.
Бұл сандар жай ғана статистика емес. Әрбір анықталған қылмыстың артында адам тағдыры, отбасының қайғысы және қоғамға төнген қауіп жатыр. Сондықтан полицияның негізгі мақсаты қылмыс жасалғаннан кейін ғана әрекет ету емес, ең алдымен оның алдын алу болып отыр. Қазіргі таңда есірткі саудасының басым бөлігі көшеден интернет кеңістігіне ауысқан. Telegram арналары, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы заңсыз жарнама таратып, жастарды «жеңіл табыс» ұранымен қылмысқа тарту деректері жиілеген. Осыған байланысты Шымкент полицейлері киберкеңістіктегі бақылауды күшейтіп отыр.
Биылғы жеті айда есірткі саудасына қатысты 1225 интернет-сайт, әлеуметтік желі парақшасы мен мессенджерлік арна анықталып, бұғаттауға жолданған. Бұдан бөлек, қылмыстық әрекеттерде пайдаланылған 576 банк шоты бұғатталған. Бұл – есірткі бизнесінің қаржылық арналарын үзуге бағытталған маңызды қадам.
Дегенмен интернеттегі күрестің өзіндік қиындығы бар. Бір арна бұғатталғанымен, оның орнына санаулы минуттар ішінде жаңасы пайда болуы мүмкін. Сондықтан полиция халықаралық платформалармен бірлесіп жұмыс істеп, заңсыз контентті жедел анықтау мен жою тетіктерін жетілдіруде.
Шымкентте маусым айынан бастап республика көлемінде өтіп жатқан «Қарасора-2024» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қаладағы бес ауданның барлығында үйме-үй тексерулер ұйымдастырылып, тұрғын үйлер мен саяжайларда есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру деректері анықталуда.
Заманауи технологиялар да құқық қорғау саласына кеңінен енгізілген. Бүгінде полицейлер дрондардың көмегімен әуеден бақылау жүргізіп, көзге көрінбейтін заңсыз алқаптарды анықтап келеді. Осындай операциялардың бірі кезінде қала орталығындағы жеке тұрғын үйден аса ірі көлемде марихуана өсірілгені белгілі болып, 300 килограмнан астам есірткі тәркіленген. Ал Тұран шағын ауданындағы тұрғын үйден жасанды жағдайда жұмыс істеген фитозертхана анықталып, есірткі өсімдіктерімен бірге екі қару тәркіленді.
Жалпы алғанда, биыл үй жағдайында есірткі өсімдіктерін өсірудің 19 дерегі тіркелген. Бұл – қоғамда мұндай заңсыз әрекеттердің әлі де кездесетінін көрсететін маңызды белгі.
– Есірткі бизнесінің ең қауіпті тұстарының бірі – жастарды «закладчик» ретінде тартуы. Қылмыскерлер әлеуметтік желілерде жоғары жалақы ұсынып, жұмыс іздеп жүрген жастарды оңай табысқа қызықтырады. Ал шын мәнінде олар ауыр қылмыстық жауапкершілікке душар болады. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде синтетикалық есірткіні интернет арқылы өткізудің 49 дерегі анықталды. Осындай заңсыз әрекетпен айналысқан 40 адам ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ең өкініштісі – олардың жартысы, яғни 20 азаматтың жасы 18 бен 25 жас аралығында. Бұл көрсеткіш қоғам үшін үлкен дабыл болуы тиіс. Себебі жастар көбіне қылмыстық топтардың құрбанына айналып, бірнеше мың теңгелік табыс үшін өмірінің ең белсенді кезеңін темір тордың ар жағында өткізу қаупіне тап болады. Заң бойынша есірткі сатқаны үшін 10 жылдан бастап бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, - дейді Арман Бейсенбаев.
Оның айтуынша, закладчиктің ең үлкен қателігі – өзін қылмыскер емес, тек «тапсырма орындаушы» деп қабылдауы. Заң алдында жауапкершілік бәрібір бар. «Мен тек апарып қойдым», «кімге тиесілі екенін білмедім», «ақша үшін ғана жасадым» деген сылтаулар жасалған әрекетті ақтай алмайды. Сондықтан әр жас интернеттегі күмәнді ұсынысқа сақтықпен қарауы керек. Оңай ақша ешқашан оңай келмейді. Ал заңсыз жолмен келген табыстың соңы орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.
Құқық қорғау органдары профилактикалық жұмыстарға ерекше басымдық беріп отыр. Биыл Шымкент қаласында есірткі мен нашақорлықтың алдын алу бағытында 788 түрлі іс-шара ұйымдастырылып, оған 114 мыңнан астам тұрғын қатысты. Акциялар, дәрістер, кездесулер, спорттық және мәдени жобалар арқылы жастарға салауатты өмір салтының маңызы түсіндірілуде.
Қала көшелерінде есірткі жарнамасын насихаттайтын граффити жазуларына қарсы да кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері мыңнан астам заңсыз граффити жойылған. Ал қала әкімдігінің қолдауымен өткен «Шымкент – есірткісіз қала» кең ауқымды акциясына мемлекеттік органдар, еріктілер, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам белсенділері жұмылдырылды. Бұл шара халықтың ортақ жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болды.
Есірткіге қарсы күрестің тағы бір маңызды бағыты – білім беру ұйымдарындағы құқықтық тәрбие. Өткен оқу жылында қаладағы мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында 516 кездесу, дәріс және тәрбие сағаты өткізілген. Бұдан бөлек, 120 ата-аналар жиналысында балаларды интернеттегі қауіпті ұсыныстардан қорғау, есірткі қылмысының салдары және заң алдындағы жауапкершілік жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Шымкентте 301 мектеп бар екенін ескерсек, бұл жұмыстардың ауқымы айтарлықтай кең. Жаңа оқу жылында да құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарымен бірлесіп, профилактикалық кездесулерді жалғастырмақ. Өйткені заңды білу – қылмыстың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі. Мұндай кездесулердің құндылығы – нақты әрі шынайы ақпараттың берілуінде. Жас адам есірткіге қатысты қылмысқа бір рет араласудың өзі оның оқуына, отбасына, болашағына кері әсер етуі мүмкін екенін түсінуі қажет. «Оңай ақша» деген ұғымның артында кейде орны толмас өкініш жататынын ұғындыру – профилактиканың маңызды нәтижесі. Есірткіге қарсы насихат тек полицияның міндеті емес. Бұл іске ата-ана, ұстаз, дәрігер, қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдары бірлесе атсалысқанда ғана нәтиже жоғары болады. Балаға тыйым салумен қатар, оның себебін түсіндіру, сенімді қарым-қатынас орнату және дұрыс бағыт көрсету қажет.
Құқық қорғау органдары үшін тағы бір маңызды мәселе – өзге өңірлерден келетін есірткі арналарына тосқауыл қою. Биыл жүргізілген арнайы операциялардың нәтижесінде Жетісу облысында жұмыс істеген ірі синтетикалық есірткі зертханасы жойылып, үш килограмнан астам дайын өнім және бір тоннадан астам прекурсор тәркіленді. Сондай-ақ Алматы, Қарағанды және Жамбыл облыстарынан Шымкентке есірткі тасымалдаған бірнеше қылмыстық топтың жолы кесілді. Бұл – өңіраралық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестегі маңызды жетістік.
Әрине, мұндай күресте полицияның жалғыз әрекеті жеткіліксіз. Есірткіге қарсы иммунитет ең алдымен отбасында қалыптасады. Баламен ашық сөйлесу, оның ортасын бақылау, интернеттегі белсенділігіне көңіл бөлу – ата-ананың басты міндеті. Ал мектеп пен қоғам жас ұрпаққа дұрыс бағыт көрсететін орта болуы тиіс.
Бүгінде Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар бір ғана мақсатқа бағытталған – қауіпсіз әрі салауатты қоғам қалыптастыру. Заң үстемдігі орныққан жерде ғана азаматтардың құқығы қорғалып, жастардың болашағы сенімді болады. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидаты тек құқық қорғау органдарының ұраны емес, әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы қажет.
