
Ел болашағының кемел, қоғамның салауатты болуы өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен олардың құқықтық сауаттылығына тікелей байланысты. Осы орайда, балалардың құқықтарын қорғау және жасөспірімдер арасындағы келеңсіздіктердің алдын алу бағытындағы кешенді жұмыстар еліміздің әр өңірінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Жақында Шымкент қаласы, Абай ауданының прокуратурасы тарапынан қолға алынған «Bala Protect» жобасы аясындағы ауқымды профилактикалық іс-шара осы сөзіміздің айқын дәлелі. Бұл шара – мектеп қабырғасындағы буллинг пен кибербуллингтің жолын кесу, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және ортада өзара сыйластық ахуалын қалыптастыруды мақсат тұтты.
Басқосудың шымылдығы арнайы дайындалған танымдық бейнероликтің көрсетілімімен ашылды. Бейнебаян желісінде заңға қайшы әрекеттердің соңы қандай қасіретке әкеп соқтыратыны, оның адам тағдырына тигізер салдары нақты мысалдармен баяндалған. Әсіресе, қателікке бой алдырып, кейіннен өмірлік құндылықтарды қайта бағалаған жандардың шынайы сұхбаттары қатысушыларға үлкен ой салып, ерекше әсер қалдырды.
Кездесуге буллинг фактілері бойынша профилактикалық есепте тұрған кәмелетке толмағандар мен олардың заңды өкілдері – ата-аналары арнайы шақырылды. Бұл аудиторияны таңдаудың өзіндік мәні бар, себебі тәрбие мен құқықтық жауапкершілік ең алдымен отбасы ошақ қасынан басталады.
Шара барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу тетіктерін, сондай-ақ заңнамада көзделген әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік мәселелерін жан-жақты түсіндіріп өтті. Бүгінгі таңда жаһандық мәселеге айналған кибербуллингтің, яғни әлеуметтік желілердегі қудалаудың да құқықтық салдары қатаң екені ескертілді.
– Булинг – баланың балаға жасаған қиянаты, психологиялық және физикалық терроры. Кейбіреулер бұны «балалық шақтың қалжыңы», «еркелік» немесе «балалардың өзара ренжісуі» деп жеңіл қарағысы келеді. Дегенмен бұл – қате түсінік. Бүгінгі буллинг пен кибербуллинг – адамның рухын сындыратын, оның тұлғалық қасиетін табанға таптайтын, баланы тірідей жан азабына салатын қатыгездік. Біздің тәжірибеде булингтің кесірінен мектепке барудан қорқып, бөлмесіне тығылып, сыртқы әлемнен безіп кеткен талай көзі жәудіреген балалар болды. Ең сұмдығы – сол қорлыққа шыдамай, өмірмен қоштасуға тырысқан өрендар бар. Бүгін біреуді мазақтап, шеттетіп, желіде балағаттап жүрген жасөспірім ертең үлкен қылмыскерге айналады. Қатыгездік жазасыз қалса, ол әдетке айналады. Қазір баласының әрекеті үшін ата-ана да заң алдында жауап береді, айыппұл төлейді, тіпті баланың өзі де арнайы есепке тұрып, болашағына балта шабады. Заң аясында тәртіпті орнатып, кінәліні жазалауға болады. Бірақ баланың жүрегіне мейірімділікті Заң баптарымен құя мүмкін емес. Ол тек тәрбиемен келеді. Әрбір ата-ана баласымен сөйлесіп, оған әрқашан көңіл бөлу керек, - деді прокуратура қызметкерлері.
Және де олар балаларға өзара сыйластықты сақтаудың, өзге жанның құқығы мен ар-намысына құрметпен қараудың азаматтық маңызын түсіндірді. Сонымен қатар, ата-аналарға бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті күшейту, олардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы ұйымдастыру қажеттігі ерекше ескертілді.
Бала мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, өзінің оқуға, қауіпсіз ортада өмір сүруге құқығы бар екенін біліп қана қоймай, өзге құрдастарының да дәл сондай құқықтарын құрметтеуге міндетті екенін терең түсінуі тиіс. Заң мен тәртіптің бұзылуы кез келген жағдайда жауапкершілікке әкелетінін жастайынан біліп өскен бала болашақта қылмыс пен құқық бұзушылықтан іргесін аулақ салады. Сонымен қатар, құқықтық тәрбие баланы сыртқы әлемнің қауіп-қатерінен қорғайтын берік қалқан іспетті. Өз құқығын жақсы білетін бала өзіне жасалған қиянатқа, зорлық-зомбылыққа немесе әділетсіздікке үнсіз шыдап тұрмайды, өзін қалай қорғау керектігін және кімнен көмек сұрау қажеттігін біледі. Бұл оның тұлға ретінде өзіне деген сенімділігін арттырып, еркін әрі тәуелсіз ойлауына жол ашады. Балаға құқықтық тәрбие беру – тек құқық қорғау органдары мен мектептің ғана емес, бүкіл қоғамның, әрбір ата-ананың қасиетті міндеті. «Заң мен Тәртіп» қағидасын ту еткен мемлекетімізде саналы, заңға бағынатын және өз елінің патриоты болып өскен ұрпақ қана жарқын болашақты құра алады.
Абай ауданы прокуратурасының ұйытқы болуымен өткен бұл іс-шара – жас буынның құқықтық мәдениетін арттыруға және олар үшін қауіпсіз, қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Заң мен тәртіп үстемдік құрған қоғамда ғана балаларымыздың жарқын болашағына кепілдік бере аламыз. Осы ретте, «Bala Protect» жобасы аясындағы мұндай тағылымды кездесулер алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
