Жалпы құны 7,5 млрд теңгені құрайтын минералды су құю зауыты ашылады

Қысқаша

Жалпы құны 7,5 млрд теңгені құрайтын минералды су құю зауыты ашылады

Сарыағаш ауданында өткен жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 385,8 млрд теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 137,2 млрд теңгеге жетсе, өнеркәсіп өнімінің көлемі 30,5 млрд теңге болды. Сонымен қатар, негізгі капиталға 82,1 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бұл туралы брифинг барысында Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев мәлімдеді.

626071367_2093016974779908_6530371746161251486_n.jpg

«Былтыр ауданда 78 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген болатын. Сондай-ақ, 5 219 гектар аумаққа тамшылатып суғару жүйесі ендіріліп, 1 324 гектар жерге қарқынды бау егілген. Одан бөлек, бүгінде аудан бойынша жылыжай көлемі - 807,2 гектар. Еліміздегі жылыжайлардың 70 пайызы Сарығаш ауданында орналасқан. Өткен жылы ауданда құс фабрикасын кеңейту мен 4,3 гектар лимон өсіруге арналған жылыжай кешені мен жеміс қоймасы жобасы жүзеге асты. Сонымен қатар, мал сою және экспортқа ет дайындау орны мен 1000 басқа арналған мал бордақылау кешені құрылды. Ал, 2026 жылы ауыл шаруашылығы саласында 5 000 бастық мал  бордақылау алаңы мен 1000 бастық ірі қара мал бордақылау алаңы жүзеге асырылады. Одан бөлек, өсімдік майын өндіретін және құрама жем дайындау цехы ашылады»,- деді аудан әкімі.

Аудан басшысының айтуынша, былтыр аудандағы өнеркәсіп саласында бір реттік ыдыстар және пластмасса жәшіктер өндіретін цех ашылған. Сондай-ақ, күнбағыс майын өңдеу мен темірбетон цехы жүзеге асқан. Ал, биыл жалпы құны 7,5 млрд теңгені құрайтын минералды су құю зауыты ашылады. Айта кетейік, минералды су - табиғаттың адам баласына берген ең бағалы сыйларының бірі. Ол жер қойнауынан шығып, құрамында ағзаға қажетті минералдар мен микроэлементтерді сақтайды. Кальций, магний, калий, натрий сияқты пайдалы заттар адам денсаулығын нығайтуға ерекше ықпал етеді.

Және де қыш шығару және күнбағыс майын өңдеу цехы, шағын су электр станциясы құрылмақ. Одан бөлек, өткен жылы 62 201 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Сонымен қатар, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 3 мектеп, күрделі жөндеуден өткен 2 мектеп, ағымдағы жөндеуден өткен 2 мектеп пайдалануға берілген.