Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков Өзбекстан Республикасынан келген «Samarkand irrigation system» ЖШС директоры Санжар Абиловпен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында тараптар Түркістан өңірінде жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жайын талқылады. Инвесторлар Сауран ауданындағы шағын өндірістік паркінде жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіретін кәсіпорын ашуға ниетті.
Облыс әкімінің орынбасары бірлескен жобаны жүзеге асыруға дайын екенін, қажетті қолдау көрсетілетінін айтты.
– Қасиетті Түркістан өңіріне қош келдіңіздер! Өзбекстан еліндегі іссапарымыз нәтиже беріп, әріптестік орнатылғанына қуаныштымыз. Өңір экономикасын дамытуға, жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін жаңа жобаларды жүзеге асыруға әрқашан дайынбыз. Құжаттандыру және инфрақұрылыммен қамту жұмыстарына қолдау көрсетіледі, – деген Талғат Қозбеков ауыл шаруашылығына қажетті басқа да жүйелерді өндіру туралы ұсыныс білдірді.
Инвестор арнайы тәжірибелі мамандар жергілікті тұрғындарды суару жүйелері өндірісін үйретуге дайын екеніне тоқталып, алдағы уақытта жоба қуаттылығы арта түсетінін атап өтті.
Бұл жобаның инвестиция көлемі 3 млн АҚШ долларын құрамақ. Қуаттылығы жылына 1750 тонна болатын жобаны 2025-2027 жылдар аралығына іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде, 50-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұған дейін Өзбекстанның Ташкент қаласында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков пен «Samarkand irrigation system» ЖШС директоры Санжар Абилов әріптестік орнату бойынша кездесу өткізген болатын. Кездесу барысында тараптар ирригация, сумен қамту және агроөнеркәсіптік секторға заманауи технологияларды енгізу саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылаған.
Инвесторлар облыстағы Өнеркәсіптік парктер, «Turan» АЭА және «Түркістан» индустриалды аймақтарын аралап, жұмысымен толық танысты.
Кездесу нәтижесінде тараптар өзара тиімді әріптестік орнатуға және жобаны одан әрі ілгерілету бойынша жұмыстарды жалғастыруға келісті.