Ташкентте ТМД Экономикалық кеңесінің отырысы өтті

Қысқаша

ТМД-ға мүше елдер ынтымақтастықты тереңдете түсуге уағдаласты.

image.png

Өзбекстан астанасында ТМД Экономикалық кеңесінің 105-ші отырысы өтті, деп хабарлайды Kazinform. 

Басқосуға ТМД-ға мүше елдер үкімет басшыларының орынбасарлары, экономика министрлері мен аталған ұйымдағы арнайы өкілдері қатысты. Олар экономикалық ілгерілеуге ықпал ететін өзара іс-қимылдар мен жоспарларды талқылады.

— Делегация басшылары шағын құрамда кездесіп, күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, ТМД шеңберінде 2030 жылға дейін өзара инвестиция тарту жобаларын ынталандыру жөніндегі кешендік жоспар қаралды. Бұл бастаманы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев көтерген болатын. Кездесу қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылданды, — деді ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, отырыста делегаттар 20 маңызды мәселені шешу жолдарын іздестірді. Оның ішінде ауыр техника шығару, жеңіл өнеркәсіпті дамыту және денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту тұжырымдамалары бар. Сонымен қатар тараптар ТМД аясында бұрын қабылданған кейбір құжаттарға түзету енгізді.

— Қамтылған барлық мәселе бойынша әзірленген ұсыныстарды ТМД Үкімет басшылары кеңесінің қарауына енгізу жоспарланып отыр. Қабылданған шешімдер тараптардың мүддесіне сәйкес келеді. Экономикалық байланыстарды нығайтуға басымдық беріп отырғанымыз бекер емес. Өйткені, бұл біздің ынтымақтастықтың негізі, — деді Сергей Лебедев.

Отырыс қорытындысы бойынша 19 құжат қабылданып, ТМД-ға мүше елдер ынтымақтастықты тереңдете түсуге уағдаласты.

Сондай-ақ, келесі кездесудің өтетін уақыты мен жері бекітілді. ТМД Экономикалық кеңесінің кезекті отырысы биыл 18 шілдеде Мәскеу қаласында ұйымдастырылады.