Түркістанда мәдениет саласында жеткен жетістіктер көп

Қысқаша

Түркістанда мәдениет саласында жеткен жетістіктер көп

1541424652150308.jpg

Биыл «Туған жер» жобасы аясында Түркістан өңірінде кәсіпкерлердің қатысуымен  жалпы құны 28 млрд. теңгеден асатын 428 нысан салынып жатыр. Бүгінде оның 23-і іске қосылған. Бұл туралы бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Орталық коммуникациялық қызметі ұйымдастырған брифингте мәлімдеді деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ұрпақты білімді, әрі рухани бай етіп тәрбиелеу бағытында өлкенің тарихын кеңінен тану, зерттеу мақсатында оқушыларға арналған «Өлкетану» оқулығы дайындалды. Одан бөлек, Түркістан қаласы бойынша тарихи-мәдени ескерткіштердің жинағы басылатын болады. Облыстағы айрықша маңызы бар тарихи-мәдени сәулеттік және археология ескерткіштерінің фотоальбомы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жасалынып, «Оңтүстіктің қасиетті орындары: аңыз-әпсаналар жинағы»  мен «Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи орындары мен киелі жерлері»  кітабы жарық көрді.

Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ордабасы – бірліктің туы» атты анимациялық фильмнің түсірілімі аяқталып отыр. Сондай-ақ, «Түркістан», «Оқсыз» анимациялық фильмдері мен «Төле би» телесериалының түсірілім жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, облыста ұмытыла бастаған салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғырту мақсатында және өңірдің туристік әлеуетін көтеру бағытында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, өңірдің табиғи және географиялық ерекшеліктеріне қарай әрбір аудан қалада бір-бірден «Наурыз Қазығұрттан басталады», «Қызғалдақ фестивалі», «Қымызмұрындық», «KASKASU» суретшілер планэрі», «Агро fеst», «Safari Shardara» жобалары сәтті жүзеге асырылды. 

Алдағы уақытта «Қасқасуға қар түсті»,  «Қасқасу мен Біркөлік арасындағы шаңғы шаттығы» байқауы, «Тау самалы – жан самалы», «Салбурын – саятшылық мерекесі» және «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Ұлттық қолөнер – ұлы мұра» атты іс-шараларын ұйымдастыру жоспарланған.