Кентауда жас мамандарға арналған қызметтік үйлер салынуда

Қысқаша

Кентауда жас мамандарға арналған қызметтік үйлер салынуда

1540392229522376.jpg

Түркістан қаласы – облыс орталығына айналған соң, қалаға қоныстанушылар саны күрт артты. Түркістанға қоныстанушылар легінің басым бөлігі – мемлекеттік қызметкерлер екені белгілі. Олар мұнда отбасымен келеді. Нәтижесінде халық саны артады. Әрине, олар тек Түркістан қаласында ғана емес, оның айналасындағы аудан-қалаларға да қоныстанатыны анық. Түркістанға жақын орналасқан қаланың бірі – Кентау. Осыған орай, Кентау қаласында көпқабатты тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Себебі, сұраныс бар. Сұраныс болған жерде жұмыс қызатыны белгілі.

Биыл қалада жеті тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Барлығы да 60 пәтерлік, 5 қабатты үйлер. Оның екеуінің құрылыс жұмыстары бітті. Көп ұзамай пәтер кезегінде тұрған 120 тұрғын баспаналы болады. 

- Бес тұрғын үйдің құрылысы келер жылға өтпелі. 2019 жылы 300 отбасына пәтер беріледі. Одан бөлек, 15 тұрғын үйдің жобалық- сметалық құжаттамаларын әзірледік. Бюджеттің қаржыландыруына байланысты, көпқабатты тұрғын үй салу жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз. 2021 жылдың соңына дейін 42 көпқабатты тұрғын үй саламыз деген жоспарымыз бар. Нәтижесінде пәтер кезегінде тұрған көптеген қала тұрғындарының баспана мәселесі шешіледі – дейді қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев. 

Бұдан бөлек қалада облыс әкімі Ж.Түймебаевтың тапсырмасына сәйкес жас мамандарға арналған қызметтік үш үй салынуда. Оның біреуі қалада болса, қалған екеуі Байылдыр мен Хантағы ауылдарында бой көтеруде.