Шәмшиева келгелі шу көбейе түсті

Қысқаша

Шәмшиева келгелі шу көбейе түсті

Сотталудан, сыбайлас жемқорлықтан басы арылмаған Шымкенттің білім саласынан тағы да заңсыздықтар анықталды. Жоқ, заңсыздық деген жұмсақ сөз, сол баяғы қазынаның қаржысын жымқыру, алаяқтық. 

Screenshot_1.jpg

Шымкент қаласы прокуратурасының таратқан мәліметіне қарағанда, мегаполисте 4 жеке балабақша құрылтайшысы балабақшаға келмеген балалар үшін жалпы сомасы 29,6 миллион  теңге бюджет қаражатын заңсыз иемденген. 

- Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп - тексеру нәтижесінде бюджетке келтірілген залал толық қайтарылды. Сот үкімімен 1 айыпталушыға 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы қолданылса, 1 айыпталушыға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Мәселен, Г.Рысбекованың меңгеруіндегі «Али мен Айя» бөбекжай-бақшасы» ЖШС-і 2020 жылдың наурыз айынан бастап 2022 жылдың желтоқсан айына дейін балабақшаға келмеген 15 бала үшін, «келді» деп құжаттар тапсыру арқылы бюджеттен 8,7 миллион теңгенден астам қаржыға ие болған. Бұл қылмыс үшін сот үкімімен Г.Рысбекова Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1) тармағымен кінәлі деп танылып, оған өмір бойы мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымды атқаруға өмір бойы тыйым салынып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Мұндай қатаң үкімнің шығарылуы оның бұрын да сотты болып, сот үкімінің орындалуы кейінге қалдырылуы негіз болды,- делінген прокуратураның таратқан мәліметінде. 

Біз жоғарыда аталған Рысбековаға қатысты соттың үкімімен танысып шықтық. Сотта ол өзінің кінәсін толығымен мойындап, келтірген материалдық шығынды өтеп берген. Алайда бюджет қаражаты қарапайым балбақша құрылтайшысы оп-оңай иеленіп кете салатындай дүние емес. Оның да есебі, сұрауы бар. Мұндай қылмысқа Шымкент қалалық білім басқармасының жауапты мамандары қалайша жол берді? Олардың бұл іске қатысы жоқ, «сүттен ақ, судан таза» дегенге сенуге бола ма?  

Әйтеуір, Шымкент қаласының білім саласының соңғы жылдары даудан арылмай тұрғаны рас.  Естеріңізде болса, Әбдірахымовтың тұсында мегаполистің білім басқармасының басшылығына «Болашақтың» түлегі Ақерке Абылайхан тағайындалып, жаңа басшы елді біраз шулатқан. Бас педагогтың мұғалімдердің жалақысына қатысты алқалы жиында келтірген мәліметтерінің шынайы жағдайға қиыспайтынын біз сол кезде жазған едік. Шымкентте бос тұрған мектеп директорларының орнына өткен конкурстардан шу шықты. Ақыр аяғында Шымкенттің білім саласында өзгеріс жасаймын деген Ақерке Абылайханның орынбасары парамен ұсталған соң, қызметін кетіп тынғаны есте қалыпты. 

Бұдан кейін білім басқармасының басшысының міндетін уақытша атқарған Айгүл Текебаева сотталып кетті. Қылмыстық іс «ауадан оқушы жасаған» жекеменшік мектепті бюджеттен қаржыландыруға қатысты қозғалды. Өзінің міндетіне салғырт қарағаны үшін Текебаеваға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, артынша рақымшылыққа ілікті. Пара алды деген басқармадағы бөлім басшысы 3 жылға бас бостандығынан, ал іс жүзінде оқымайтын балаларға мемлекеттік тапсырыс бойынша орта білім беру қызметін көрсеткені жөнінде актілерді өткізіп, мемлекеттен 155 474 924 теңге қаражатты жымқырған, аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген мектеп құрылтайшысы, жеке кәсіпкер, бүгінде басқа қылмыстық істер бойынша арызданушы болып жүрген Э.Дүйсенқызы алты жылға бас бостандығынан айырылған болатын... 

Шымкенттің бас мұғалімі лауазымына осыдан кейін тағайындалған Жанат Тәжиева жасыратыны жоқ, мектеп пен балабақшадағы былық-шылықтарды реттеуге, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін біршама жұмыстар атқарғанын мойындау керек.  Басшының бастамасымен антикор білім басқармасын толығымен тексерді. Осы тексерулердің нәтижесінде қаржылық қитұрқылықтарды жасаған, бағынышты қызметкерлерден сыйақы алып жүрген бухгалтерлер заң алдында тиісті жазасын алды.  Алайда бұдан кейін де Шымкенттің білім саласы шудан арылмаған сияқты. 

Тәжиеваның орнын басқан Нүргүл Шәмшиева туралы  соңғы уақытта әлеуметтік желіде әрқилы пікірлер жазылып жатыр. Шәмшиева бұл қызметке былтыр қазанда тағайындалған болатын. 2021 жылдан бергі аралықта  Шымкентте білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету  департаментіне жетекшілік еткен. Еңбек жолында Қызылорда облысының білім мекемелерінде, министрлікте жұмыс істеген. Басшылық қызметте жинаған тәжірибесі бар. Бірақ Шымкенттің жағдайын ұңғыл-шұңғылына дейін жетік біледі деуге келе ме? Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, қызметіне тағайындалған бойда Шәмшиева сыбайлас жемқорлықпен күресуге білек сыбана кіріскен көрінеді.  Алайда қызды-қыздымен, науқаншылықтың буымен  тәжірибесі мол, білім саласының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген біраз кадрларға қырғидай тиісіп жатқанға ұқсайды. «Шәмшиева ай жоқ, шәй жоқ, орныңды босат деп жатыр» деген директорлардың біразы бізге де хабарласты. Бас ұстаздың босаған орындарға өз кадрларын отырғызып жатқаны туралы да әңгімелер бар. Мұндай әңгімелердің ақыры немен аяқталар екен? 

Жуырда Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевтің Шымкентте ұстаздармен кездесуінде біраз кемшіліктер айтылды. 

«Бүгінгі күні Шымкент қаласында 150 мектептің бесеуінде басшының орны бос. 13 мектептің басшысы бір орында 7 жылдан бері отыр. Басты себеп – басшы лауазымдарына лайық кандидаттардың болмауы. Білім басқармасының мәліметі бойынша 45 директордың басшы ретінде біліктілік санаты жоқ, 16 директордың пән ойынша санаты жоқ»,- деп мәлімдеді  осы жиында Шымкент қаласы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменінің басшысы Сұлушаш Құрманбекова. Бұл  үшінші мегаполистің білім саласында кадр мәселесінің ақсап тұрғанын аңғартпай ма? Шымкентте директор болатын маман табылмай жатқа кезде Шәмшиеваның білікті кадрларға тиісе бастағаны нені білдіреді? Осыған қатысты журналистік зерттеу жүргізу алдағы күндердің еншісіндегі шаруа. 

Не де болса, әліптің артын бағып көрейік.