Зағиптардың жүріп, тұруы қиын

Қысқаша

Зағиптардың жүріп, тұруы қиын

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы мүмкіндігі шектеулі жандардың құқын қорғау және оларға қолдау көрсету мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Бұл орайда партияның «Кедергісіз келешек» атты жобасы аясында құрылған «Түркістан облысы бойынша бейімдеуден өткен әлеуметтік нысандар мен қоғамдық көліктердің мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділігіне  мониторингтеу» тобы тарапынан жүргізілген жұмыстар нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталған. 

Screenshot_19.jpg

Атап айтсақ, сыртқы баспалдақтарында ескерту бояулар немесе тактильді ескертулер қойылмаған. Орнатылған пандустардың таюға қарсы жабындылары жоқ, ені, тұтқасының биіктіктері талапқа сай емес болып шықты. Пандустарға қатысты мәселе бұған дейін де көтерілген. Ол бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Дегенмен зағип жандар кездесулерде мемлекет тарапынан қолдау, көмек көбірек көрсетілсе, мүгедектердің қоғамда толыққанды өмір сүруіне тиісті жағдайлар жасалса деген өтініш-тілектерін айтып жатады. Көзі көрмейтін және нашар көретіндерге қоғам тарапынан қолдау таныту керектігінде күмән жоқ. Ресми дерек бойынша елімізде 20 мыңға жуық зағип жан бар екен.   Мүгедек жандар арасында «Инватакси» қызметі үлкен сұранысқа ие. Бұл көліктер кресло-арбаны тасымалдауға ыңғайланған. Дегенмен,  таксидің бұл түрі зағиптарға қызмет көрсетпейді. Көзі көрмейтін және нашар көретіндерге арнайы әлеуметтік такси белгіленген. Алайда, Шымкент пен бірді-екілі аудан орталығы болмаса, таксидің мұндай түрі жоқтың қасы. Осыдан-ақ зағиптардың жүріп, тұруы қиын екені аңғарылады. Зағип жандарды толғандыратын мәселенің тағы бірі – Брайль үлгісімен қолмен сипап оқуды үйрететін мұғалімдер тапшы. Соңғы жылдары осы әдіске үйрететін мұғалімдерге штат берілмейтін болыпты.  

Партияның сайлауалды бағдарламасында алдағы жылдарда зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға арналған кітапхана қорын көбейту, басқа да қамқорлық шараларын іске асыру көзделген. Яғни жоғарыда айтылған мәселелер саяси ұйым арқылы жергілікті билікке жетіп, нақты жұмыстардың атқарылатынына сенім мол.