Жуырда Шымкент қалалық опера және балет театры ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсын қайта жаңғыртып, жаңаша стильде көрермен назарына ұсынды. Жалпы, биыл үшінші мегаполистегі бұл театрдың жаңа тынысы ашылғандай, өзгеріс көп. Өнерсүйер қауым бұл оң өзгерісті театр басшысы Майра Мұхамедқызымен байланыстырып отыр. Осы орайда Майра Мұхамедқызынан Шымкент қаласы әкімдігінің мәдениет саласына жасап отырған қамқорлығы жөнінде біліп едік.
- Қала әкімі Мұрат Әйтенов, бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ханзада Есенова – барлығы жастар. Үшеуі де осы Оңтүстік өңірінің тумалары. Олар өз елінің патриоттары. Өнерге деген ықыластары жоғары. Ұстанған бағыттары, тұжырымдамалары дұрыс бағытта. «Мәдениетті дамытамыз» деп игі бастамаларды жүзеге асырып жатқандары өте орынды. Оларды депутаттар, халық болып қолдап жіберсек, Шымкент талай қала, облыстың алдын орап кетеді.
Адамның бойында мәдениет болмаса басқа жағынан озып шығу мүмкін емес. Адамзатты мәдениет дамытады. Қоғамды алға мәдениетті азаматтар жетелейді. Егер адамда мәдениет болмаса басқа нәрсенің бәрі жайына қалады. Ішкі мәдениеті қалыптасқан, рухани бай азаматтар жамандыққа жол бермейді. Мәдениет болмаған жерде ізгілік жойылып, ұрыс-керіс өршіп, соғыс өрті тұтанады. Сондықтан да қала басшылығы Шымкентте мәдениетке ден қойып, қолдан келген барлық жұмысты атқаруда.
Театрға соңғы үлгідегі жаңа проектор алдық. Бұған дейін бұрын LED экранды қолданған екен. LED экран концертке жақсы болғанымен, қойылым қоюға ыңғайсыз. Қысқасы, театрда үлкен өзгерістер болып жатыр. Аз ақшамен үлкен тірліктерді атқаруға тырысудамыз. Мен осында біраз болсам деймін. Себебі мен кетсем театр құлап қалатындай көрінеді. Яғни қолға алған жобалар орта жолда қалып кететін секілді. Сол себепті бастаған ісімді соңына дейін жеткізгім келеді. Театрдың алдына үлкен міндеттер қойылды. Бес жылдық жоспарымызды айқындап, қазіргі таңда жас кадрлар жинауға кірістік, - дейді опера әншісі.